«Әскери қызмет – Отан алдындағы борыш» дөңгелек үстел

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жетісу облыстық филиалы «Әскери қызмет – Отан алдындағы борыш» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – ұлт болашағы үшін әскери қызметтің қажеттілігін жастарға түсіндіру, Олардың отанға деген сүйіспеншілігін оятып, рухы жоғары, қайсар жауынгер аға-апалардың ерлігін үлгі етіп жастарға ұсынудың жолдарын талқылау болды.

Дөңгелек үстелге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракция мүшесі Наурыз Сайлаубай, Талдықорған Горнизонының әскери полиция басқармасының бастығы Данияр Бейсенов, Талдықорған қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы Мақсат Дуйсебеков, ГСВГ және тәжік, ауған соғысы ардагерлері, Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының бас мамандары мен ЖСДП мүшелері қатысты. Жиын барысында қатысушылар Қазақстан әскеріндегі қазіргі проблемаларды талқылап, өз пікірлерін айтып, бірқатар ұсыныстармен бөлісті.

Міндетті әскери қызмет мәселесі әрқашан қоғамда ең көп талқыланатын мәселелердің бірі болып қала береді. Әскердегі жағдай байланысты халықтың көкейінде көп сұрақ бар. Осы ретте түрлі заңсыздықтар орын алып, жас жігіттердің өліміне дейін апаратын жағдайлар кездесуде. Әскери қызметке байланысты кейбір мәселелер барған сайын күрделі бола бастағандай.

Жақында қоғамда «мерзімді әскерге» шақыруды толығымен алып тастауды талап еткен петиция жарияланған болатын. Ал, халықты армиямыздың қазіргі жағдайы алаңдатып отырғанын түсінеміз. Бірақ, әскерге шақырудан толық бас тарту мәселесі үлкен сауал болып тұр.

Осы тұста, жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов әскери борышты өтеуден бас тартпау керектігін айтқан болатын. Оның ойынша, әскери борышты толықтай жою елдің қорғаныс қабілетін әлсіретуі мүмкін, ал біздің еліміз геосаяси шиеленістің ортасында тұрған кезде мұндай қатерге бара алмаймыз,-деді ол.

Әскердегі жағдайға байланысты түрлі сұрақтар туындап отырғаны рас. Қызмет жағдайының нашарлығы, мерзімді шартпен қызмет ететін әскери қызметшілердің жалақысының төмендігі де бұл қатарды толықтырары сөзссіз. Бірақ әскери борышты жою мәселесімен емес мұндағы жүйені өзгертуіміз керек. Әскерилер лайықты жағдайда тұруы керек.

Қорғаныс істерінің ардагері Ерлан Жабықбаевтың пікірінше, жастарды әскерге шақыру мәселесін шешу үшін бірнеше шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен, телеарналарда патриоттық бейнефильмдер көрсету арқылы жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру керек. Мұндай жарнамалар жастарды әскери қызметтің маңыздылығымен таныстырып, патриоттық сезімді оятуға ықпал етеді. Сонымен қатар жастарға түсінікті әрі қолайлы болатындай заң нормаларын жасап не өзгерту керек. Бұл – мемлекет тарапынан әскери қызметті насихаттау мен жастардың міндетін түсіндірудің маңызды жүйесі болмақ,-дейді ардагер.

Әскердегі дедовщина мен зорлық-зомбылықпен күресу үшін нақты және қатаң механизмдер орнату қажет. Мұндай жағдайларды жасырған командирлер жауапкершілікке тартылуы тиіс. Әскер тек физикалық емес, сонымен қатар эмоционалдық қауіпсіздікті де қамтамасыз ететін құрылым. Жастар қиын жағдайлармен жалғыз қалмау үшін психологиялық қолдау қызметі міндетті түрде болуы керек екені де отырыста сөз болды.

Осылайша, әскери қызметті реформалау мен әскери қызметшілердің жағдайын жақсарту – мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды. Жастарымызды Отан қорғаушылар ретінде дайындау біздің ортақ жауапкершілігіміз,- деді сөз соңында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов.

ЖСДП Жетісу облыстық филиалы

Смотрите также:
Депутатские запросы