Әскери зейнеткерлер бес жылдан астам уақыт бойы зейнетақы ала алмай жүр

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін ҚР қарулы күштеріне қызметке шақырылған және әскери қызметтің шекті жасына жеткеніне байланысты 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін жұмыстан шығарылған күштік құрылымдарының кіші әскери қызметшілері зейнетақы ала алмай жүргеніне байланысты шағымын айтып келді.

2008 жылдан 2016 жылға дейін қызметінен босатылған 1 мыңнан астам зейнеткер 2016 жылдан бастап қана зейнетақы ала бастаған.

Бүгінде олар зейнетақы реформаларының салдарынан тиісті индекстеу жүргізілмеген зейнетақы алып жатыр. Әскери зейнеткерлер 2012 жылдан бері мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып келеді екен. Олардың айтуынша, мұндай жағдай кем дегенде 1040 адамның басынан өтіп отыр.

Мәселенің заңды жағына келер болсақ, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа мемлекеттің алдында өзінің қарулы күштерін қалыптастыру міндеті тұрды. Бұл ретте әскери қызметке аттестаттау арқылы әскери атақтар берілген азаматтық мамандықтардың адамдары шақырылды. Олардың еңбек өтілінің әскери саламен байланысы болмаған.

Бастапқыда келісімшарт негізінде қызмет еткен және сәйкесінше лауазымдық жалақы алған әскери қызметшілердің мәртебесі тең белгіленбеді. Теңсіздік әскери қызметшілер екі санатқа бөлінгенде байқалды: 1) прапорщиктер мен мичмандар кіретін офицерлер құрамы; 2) кіші басшы құрам анықталған сержанттық құрам. Әскери қызметшілердің бұл теңсіздік жағдайы әскери қызметтегі шекті жасқа жетуіне байланысты әскери қызмет аяқталған кезде байқала бастаған. Мәселен, ҚР «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 20.06.1997 жылғы №136-I Заңының 60-бабында әскери немесе құқық қорғау қызметінде кемінде 25 жыл еңбек сіңірген әскери қызметшілер зейнетақы төлемін алуға құқығы бар екендігі айтылған.

Бірақ осы баптың 3-тармағында зейнетақы төлемдерін алуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әскери қызметтегі шекті жасқа толғаннан кейін жұмыстан шығарылған, жалпы еңбек өтілі 25 жыл және одан асқан, оның ішінде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметінде кемінде 12 жыл және 6 ай үздіксіз әскери еңбек өтілі бар офицерлер, прапорщиктердің (мичмандар) құқығы бар деген ереже енгізілді.

Осылайша, офицерлер мен прапорщиктерге еңбек өтілі мен 12,6 ай үздіксіз әскери қызмет өтілі болған кезде зейнетақы төлемін алу құқығы берілді, ал кіші басшы құрамның адамдары (сержанттар мен старшиналар) мұндай құқыққа ие болмады.

Ал сержанттар құрамының әскери қызметшілері мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқығына қатысты шектеу негізсіз, өйткені барлық әскери қызметші әскери атағына қарамастан, бірдей қызмет атқарды: қалыптан тыс жұмыс күндері, жұмыс аптасында демалыс күндерінің болмауы, демалыстан кері қайтарып алу немесе түнгі уақытта дабыл бойынша қызметке шақырып алу және т. б. жағдайларға қарамастан міндетін орындаған.

Жалпы алғанда, 1998 жылдан кейін ҚР Қарулы күштеріне шақырылған атағы бойынша кіші әскери зейнеткерлерге зейнетақыны индекстеу жүргізілмеген.

Сондықтан Қарулы Күштер құрылымында қызмет еткен төрт әйел Парламенттегі ЖСДП фракциясының депутаттарының көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Кездесу партияның орталық аппаратында өтті.

2013 жылдың маусымында еңбек сіңірген жылдары бойынша жұмыстан босатылған әскери зейнеткер Светлана Ілиясова түсіндіргендей, 1998 жылғы зейнетақы реформасына байланысты барлық әскери қызметші шартты түрде үш санатқа бөлінген.

Әскери қызметшілердің бірінші санаты – зейнеткерлікке шыққандар әрі 1998 жылы кем дегенде 10 жыл әскери қызмет өтілі болған адамдар.

Екінші санат – 1998 жылы әскери тәжірибесі 10 жылдан аз болған және зейнетақыны толық алмағандар.

Ал олар 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін шақырылған әскери қызметшілердің үшінші санатына жатады. Олар зейнетке шығып, жинақтарынан зейнетақы төлемдерін алуы керек еді, бірақ зейнетақы жинағы жеткілікті мөлшерде жинақталмаған, өйткені бәрі бірдей әскер қатарына жас кезінде шақырылмаған.

«Бізде зейнетақы алу шарттары болды, ал біз жұмыстан шыққан кезде зейнетке шығу құқығы болмады. Мені 2013 жылы жұмыстан шығарды, бірақ зейнетке шығу құқығына 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қана ие болдым», – деді ол.

Сонымен қатар, 2016 жылы зейнетақы индекстеусіз, жұмыстан босату кезінде алған ескі еңбекақы көлемі бойынша есептелген.

Заңгер Төлеген Қасеновтың айтуынша, 2013 жылғы «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда 67-бап болған, соған сәйкес зейнетақы жұмыстан шығарылған кезде анықталған. Бірақ бұл бап 2016 жылға қарай жойылды.

«Зейнетақыны есептеу дұрыс жүргізілмеген. Оларға жалақыны индекстеу керек еді. Бұл жерде екі нұсқа болды: зейнетақы төлеу орталығы Қорғаныс министрлігінен 2016 жылдың 1 қаңтарына қараған уақыттағы тиісті лауазымдық жалақыны сұрап, соған сүйене отырып зейнетақы төлемін есептеуі керек еді. Я болмаса, екінші жол – зейнетақы төлеу. Мысалы, кім 2011 жылы жұмыстан шықса, оған сол 2011 жылғы жалақыны есептеу керек, бірақ 2012-2015 жылдары жылдық өсім болды және осы пайыздық мөлшерлемелерді арттыру қажет еді», – деп түсіндірді заңгер.

Осылайша, 2009-2015 жылдар аралығында инфляцияны ескере отырып, әскери қызметшілердің зейнетақы төлемдері жыл сайын өсіп отырды. Ал 2008-2015 жылдары шекті жасқа толғаннан кейін жұмыстан шығарылған әскери қызметшілерге зейнетақы төлемдері 2016 жылғы 1 қаңтардан кейін тағайындалғанымен, ҚР зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер негізінде осы арттырушы коэффициенттерден мақұрым қалған.

Заңгердің айтуынша, өзгеріс енгізілген кезде Қорғаныс министрлігінің Зейнетақымен қамсыздандыру орталығында тиісті заң актісі әзірленіп, оны есептеу үшін Үкіметтің қарауына енгізу керек еді. Бірақ Қорғаныс министрлігінің Зейнетақымен қамсыздандыру орталығы мұндай жұмысты атқармаған.

Нәтижесінде, реформалардың салқынын сезінген зейнеткерлер өздерінен кейін лайықты демалысқа шыққан әріптестерінен гөрі екі есе аз зейнетақы алады.

«Конституциямыз бойынша, зейнетке шыққан адам тіпті жұмыс істемесе де, оған кем дегенде ең төменгі базалық зейнетақы тағайындалады. Бізге, ең болмағанда, өтілге сүйене отырып, соны төлесе ғой. Олай болған жоқ, керісінше 2016 жылы зейнетақы бермей қойды, ал біз зейнетке одан ертерек шықтық. Осылай осы мәселенің шеңберінде тұйықталып қалдық», – деп атап өтті Светлана Ілиясова.

Лайықты демалысқа шыққанына қарамастан зейнетақыдан қағылған зейнеткерлер елордадағы Бейбітшілік көшесі 25 мекен-жайында орналасқан Жұмыспен қамту орталығына жүгінген, алайда олардан қайыр болмапты, ешқандай көмек көрсетпеген.

«Біз құжаттарымызбен келдік, мен 47 жасымда зейнетке шықтым. Менің жұбайым қызметтік міндеттерін орындау кезіндде қайтыс болды, ол тергеу изоляторында жұмыс істеген.

Қазір баламен жалғыз қалдым. Кейінірек күйеуіме өтемақы төледі, оның өзі сотқа жүгінгеннен кейін ғана жасалды. Бірақ сол кезде мені Жұмыспен қамту орталығынан: «боссың» деп қуып жіберді. Бізді ешкім ешқайда жұмысқа орналастырған жоқ. Бірнеше жыл бойы зейнетақы алмадым, ал мен еліміздің игілігі үшін адал қызмет еттім», – деп шағымданды зейнеткер.

ЖСДП партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов бұл мәселені бақылауға алып, жағдайды зерделеу және әскери зейнеткерлерге көмектесу үшін ҚР Қорғаныс министрлігіне сұрақтармен жүгінетінін атап өтті.

ЖСДП Баспасөз қызметі