Табысқа толы сапар

Парламенттегі Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракция мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Қызылорда облысына алғаш рет жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында халық қалаулысы бірқатар ірі нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қанықты.

Шыны зауытының шындығы

Алдымен Орта Азиядағы ең ірі шыны зауытының жағдайымен танысты. Елімізде шыны өндірісі алғаш рет қолға алынып отырғандықтан, шыны зауыты түрлі-түсті шынының сәйкестік сертификатын ала алмай отыр. Оған себеп – республикада түрлі-түсті шыныны тексеретін зертхана жоқ. Бірақ қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да тиісті мекемелер арқылы бұл мәселе шешілу үстінде. Бүгінгі таңда ЕАЭС-тың 111-2014 ГОСТ-ы бойынша жұмыс жасағаннан кейін ЕАЭС зертханасы негізінде, соның протоколы арқылы сәйкестік сертификатын алып, жұмысты жалғастыруға мүмкіндік бар.

«Ресей Федерациясы Еуропа, АҚШ тарапынан санкцияға ілігіп, дайын өнімдерін аталған елдерге сата алмай отырғандықтан, Орта Азия нарығын жаулап алу мақсатымен бізге демпинг жасап жатыр. Мысалы, дайын өнімдерін Ресей нарығында қымбат сатса да, Қазақстан мен Орта Азия нарығына өзінің ішкі нарығынан қарағанда арзан бағамен әкеліп сатып отыр», – дейді «Orda Glass Ltd» ЖШС-ның өндіріс бөлімі басшысының орынбасары Ғалымжан Қуатов. Шыны зауытының тыныс-тіршілігін алдағы уақытта партия филиалы қадағалап отырмақ.

Тәрбиенің отауы «Анаға тағзым» орталығы

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Қызылорда қаласындағы айтулы жерлердің бірі — «Анаға тағзым» орталығына барды. Қыз-келіншектердің бойына рухани-адамгершілік тәрбие қалыптастыруды діттеген «Анаға тағзым» орталығында «Береке» аспаздық студиясы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, «Бойтұмар» қыздар клубы, психолог-медиатор кабинеті, «Ұлт жақұты» музейлік залы«Coworking» кабинеті, «Шамшырақ» фото-бейне студиясы, конференц-зал, мәдени-концерттік зал, «Ана тілі» дебат клубы бар. Қыз-келіншектерге төл өнерімізді насихаттап-үйрету мақсатында «Мирас» әжелер клубында тұрақты түрде шеберлік дәрістері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, орталықтың бұл игіліктерін пайдалану тегін. Нұрлан Әуесбаев «Анаға тағзым» орталығы республикамыздың әрбір өңірінде ашылса нұр үстіне нұр болатынын атап өтті.

«Ең өзекті нәрсе — тәрбие, ал тәрбие отбасынан басталады. Біз аналарға қанша тағзым етсек те жарасады. Аналардан жақсы тәрбие-өнеге алған қыздарымыз қоғамның жақсы болуына септігін тигізбек. Біз әлемдік өркениеттен ұзамай, бірақ өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді үздіксіз дамытып отыруымыз керек. Өзімізді жоғалтып алмауымыз қажет, тамырымыздан ажырамауға тиіспіз», — деді халық қалаулысы. Аталған орталық Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевтың тікелей ұсынысымен, кәсіпкер-меценат М.Дүйсенбаевтың қолдауымен былтыр ашылған құтты шаңырақ.

Құрылыс саласының өзегі айналған зауыт

Жұмыс сапары «Строительно-Транспортная Компания» ЖШС-нің темірбетон бұйымдарын шығаратын зауытта жалғасты. Былтыр ғана іске қосылған өндіріс орны Қызылорда қаласында 3 га жерге орналасқан. Жобаның жалпы құны 3,5 млрд теңге. Бетон шығару үшін жергілікті шикізат пайдаланылады. Керегі тас, құм, цемент. Зауытта 100 шақты маман тұрақты жұмыспен қамтылған.

Достық үйіндегі салиқалы кездесу

Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар мен қоғам белсенділерімен кездесуде медициналық сақтандыру жүйесіндегі, дауларды сотқа дейінгі шешуге негізделген медиация процедурасындағы олқылықтар жайында әңгіме қозғады. «Ақиқат нұры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» республикалық ұйымының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Маратбек Нұржанов: «Медиацияның даму жүйесі ақсап келе жатыр. Мемлекеттік сатып алу бойынша 3 жыл бойы заңсыз қаражат алып, сосын атқарылған жұмыс пен қаражаттың қалай жұмсалғанының есебін бермей жүрген ұйымдар бар. Медиациялық келісімдері бұзылып жатыр. Біліксіз мамандар оқытқан», - дейді. Екінші мәселе ретінде байланыс тарифының қымбаттап жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұл халықтың қалтасына салмақ түсіретінін атап өтті.

Іңкәрдария ауылының "Ақсақалдар кеңесінің" төрағасы Әбдіразақ Байманов «Ауылдық округтың Құрметті азаматы» атағын беру қағидасын қайта қарау керек десе, Татар этномәдени бірлестіктің төрайымы Ғалия Гизатуллина Алматы-Қазан бағытына темір жол ашылса екен деген тілегін жеткізді. «Бұл мәселені шамамен 15 жыл бұрын республика деңгейінде көтерген едім. Бірақ әлі шешілмей келе жатыр. Бізге Алматы-Қазан бағытымен жүретін темір жол керек. Ең болмаса, жүріп тұрған пойыздарға 1-2 вагон жалғанса екен дейміз. Біз осыған дейін тиісті құрылымдарға өтініш жазғанда, бірнеше маршрутты көрсеткен болатынбыз. Қазіргі таңда Петропавловск-Қазан бағытымен жүретін пойыз бар. Осы мәселені бірлесіп шешуімізге болатын шығар деп үміттенемін», - деді Ғалия Гизатуллина.

Жаңақорған жаңалыққа толы

Жаңақорған ауданына сапарында Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев аудан әкімімен кездесті. Кездесуде Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов былтырғы жылдан бері кент пен ауылдағы жол, су, жарық, асфальттау мәселесін біржақты етіп, басым жұмыстарды аяқтағанын айтты. Жыл аяғына дейін 21 ауылдық аймақтың жарық бағандары мен электр сымдары толықтай жаңартылмақ. Депутатпен кездескен Жаңақорған белсенділерінің бірі Әйгерім Әбілтайқызы, орталықтандырылған жұмыспен қамту "Мансап" орталықтарының тиімсіздігін сөз етті. Аудандық жұмыспен қамту бөлімдерін жергілікті билікке тәуелді етіп, бар жауапкершілікті ауданға беруін сұрап, заңдылық тұрғысынан қарауды сұрады.

«Қамқорлық» оңалту орталығының құрылысымен танысты

Жаңақорған ауданында кезінде аурухана болған 1958 жылғы 2 қабаттық ескі ғимарат енді «Қамқорлық» оңалту орталығына айналмақ. Ол үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 430 млн теңге қаражат бөліп отыр. Қазір нысанның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ковид кезінде стационарға пайдаланылып, содан кейін тоқтап тұрған ғимараттың құрылысын наурыз айында аяқтау жоспарланған. Жаңақорған аудандық аурухананың бас дәрігері Тәңірберген Әмитов, республика бойынша бірінші рет оңалту орталығы ауданда ашылғалы тұр, деді. «Республикалық бюджет пен «Қазақстан халқына» қоры қаржыландыруда, бізден қаражат жұмсалып жатқан жоқ. Алдағы уақытта массажер, тренажер және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етпек. Бұл орталық 6 айлық сәбиден 18 жасқа дейінгі балалардың ем алуына арналған. Неврологиялық ауруларға, балалар церебральды сал ауруларына душар болған және тірек-қимыл жүйесі бұзылған науқастарға көмек көрсетеді», - деді Т.Әмитов. Ал «Шалқия Цинк ЛТД» мекемесі ұжымымен кездесуде интернет байланысына шағым айтылды. Бір емес 2 оператордың антеннасы тұрса да, бұнда тек 2G ғана ұстайды. Ал өндіріс толықтай автоматты болғандықтан интернет байланысына мұқтаж.

Сырдария ауданында 80 тұрғын үй берілді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаевтың Сырдария ауданына жалғасқан жұмыс сапары кенттегі бірқатар нысандармен қатар республикаға танымал Нағи Ілиясов ауылы мен Бесарық ауылындағы агрокешендер мен әлеуметтік нысандарды аралаумен жалғасты. Тереңөзек кентінде Сырдария ауданының әкімімен кездескен депутат аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. Мәселен, аудандағы іргелі елді-мекен Шаған ауылында тозығы жеткен ескі көпірдің орнына жаңасын салуға ұсыным берілгенін, ауылішілік жолдары жөнделетіні және бастысы «Батыс-Европа-Батыс-Қытай» автодәлізінде жатқан ауылдарға қарай газ орнату жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Бұдан кейін аудан орталығында жаңғыртылған спорт клубында спортшылармен және жаттықтырушылармен жылы кездесу өтті. Онда жаттықтырушылардың жалақысының аздығы мен спорттағы жемқорлық сөз болды. Халық қалаулысы спортшылардың ұсыныстарын тыңдап, ұлттық спорт, артспорт, спортшыларды әлеуметтік қолдауға қатысты пікірлерін естіді. Мәжіліс депутаты ұсыныстар бойынша жұмыстар атқаратынын айтты. Жуырда аудан орталығында тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға тұрғын үйдің кілттері табысталған болатын. Жаңадан салынған 40 үйдің әрқайсысында 2 пәтерден бар. Пәтерлерде қонақ, жатын, жуынатын бөлме, ас үй қарастырылған. Жалпы алаңы 65 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ тұрғын үйлерге жарық, су, газ кіргізілген. «Инфрақұрылымдық жұмыстарды жетілдіру бағытында алдағы уақытта қосымша шаралар қабылданатын болады», – дейді әкімдік қызметкерлері. Яғни, бұл маңға болашақта тал егіліп, оны күтіп-баптау қолға алынбақ. Мұнан бөлек, асфальттау жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Айта кетейік, баспанамен қамту жұмыстарымен қатар газдандыру да қарқынды түрде жүргізілуде. Биыл 12 елді-мекенге газ кіргізілсе, келер жылы тағы 12 елді-мекен «көгілдір отынмен» қамтылмақ. Оның ішінде, 962 млн теңгеге Сырдария ауданының С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдық округтеріне газ тарту жұмыстары басталды. Мұнан соң Нұрлан Әуесбаев Нағи Ілиясов ауылындағы әлеуметтік нысандар мен жаңадан пайдалануға берілген дәрігерлік амбулатория қызметкерлерімен кездесіп, қызметтеріне сәттілік тіледі. Бұдан кейін Бесарық ауылындағы бөдене фермасы мен түйеқұс шаруашылығында болып, еңбек адамдарымен жүздесіп, пікір алмасты.

Нұрбек Дәуренбеков, ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы