Ақтөбе облысындағы су шаруашылығының мәселелері

Осы жылдың 20 маусым күні ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен «ҚазСуШар» мекемесінің қызметкерлерімен кездесу өтті. Шара мақсаты - осы жылы орын алған су тасқынының салдарын талқылау, алдын алу шаралары, облыс аумағындағы су қоймаларының жағдайы және аталмыш мекеменің жұмысымен танысу.

Ақтөбе қаласы аумағындағы су қоймалары Совет үкіметі кезінде салынған құрылыстар: сыйымдылығы 245млн текше метр Ақтөбе су қоймасы 1988 жылы, Қарғалы су қоймасы 1977 жылы, 7,5млн текше метр сыйымдылығы бар Сазды су қоймасы 1967 жылы салынған. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, оларға жыл сайын жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сазды су қоймасы 2017 жылы күрделі қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл Ақтөбе су қоймасына 239 млн теңге қаражатқа күрделі жөндеу жұмыстары басталса, Қарғалы су қоймасына 140млн теңгелік жөндеу жұмыстарының жобасы қарастырылу үстінде.

Қазақстанның басым бөлігінде орын алған су тасқыны бойынша Казгидромет мекемесінің күтілетін су көлемінің алғашқы болжамы 160-260 млн текше метр болғанымен, қар аралас жаңбырдың салдарынан жер бетіндегі тоңның қалың болуы және көктем мезгілінде күннің тез жылуына байланысты қардың тез еруі себеп болды дейді мекеме қызметкерлері. Сол себепті, биылғы қарғын судың көлемі әдепкі қалыптан 2-2,5 есе асып, барлығы 540 млн текше метрді құраған.

Бұл жағдайдан кейін Төтенше жағдай департаментінің осындай ірі көлемдегі қарғын суға төтеп беруіне әзір болмағаны, қызметкерлердің саны мен олардың арнайы киім-кешек және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмегені әшкере болды. Өзен сағаларында, яғни қызыл аймақта орналасқан бау-бақша ұжымдарында заңсыз салынған тұрғын үйлердің көптігінің кесірінен су тасқынынан зардап шеккен адамдар мен шығындардың мөлшері артты.

Мекеме қызметкерлерінің сөзінше, жобалаушы инженерлер, төтенше жағдай қызметкерлері, метеорология саласының мамандарын дайындайтын оқу орындарын қайта жандандырып, біліктілікті арттыру қажет. Қазірдің өзінде жалақының аздығы себепті кадрлар тұрақсыздығы байқалатынын жеткізді.

Кездесу барысында айтылған мәселелерді ескеретін болсақ, осындай жауапкершілігі мол саланың мамандарын дайындайтын оқу орындарын ашылуы, жалақы деңгейі мен қызметкерлер санын арттырып, арнайы құрал-жабдықтары мен техника басын көбейту, жаңадан су бөгеттері мен су қоймаларының салу арқылы биылғы болған жағдайдың алдын алып, келешекте қайталанбауына себеп болатынына сенімдіміз.

Жетібай Ж.М. ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалы

Смотрите также:
Депутатские запросы