Ақтөбеде саяжай тұрғындары әкімдіктердің табалдырығын тоздырып жүр

ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалының мамандары Ақтөбе қаласының орталығына жақын жерде орналасқан саяжай тұрғындарымен кездесті. Саяжай тұрғындарының айтуынша, жыл сайын қала мен облыс әкімдігіне шағымданып баруы үрдіске айналған. Соған қарамастан, олардың жол, жарық, су және жергілікті жердегі тағы басқа да мәселелері әлі күнге дейін шешілмей келеді.

Тұрғындардың жол мәселесін көтеріп жүргендеріне біраз жыл өтіпті. Қыс, көктем мезгілдерінде тұрғындардың өз үйлеріне жетуі, оқушыларды тасымалдайтын мектеп автобусының және жедел-жәрдем көлігінің келе алмауы, көліктердің қатынауы қиынға соғып, мұңға айналған. Бұл мәселенің шешімі табылмаған соң, тұрғындар 3 жыл бойы өз қаражатына жолға қиыршық тас төсеп келеді. Әкімдік тарапынан тек осы жылы ғана қиыршық тасты тегін ұсынған. Бірақ халықтың айтуынша, қиыршық тасты таситын көліктерді жалдау қымбатқа түседі. Ал саяжай тұрғындарының басым көпшілігінің жүк көліктерін жалдауға қалтасы көтермейді.

Саяжай төрағасы Асхат Алмағамбетовтың айтуынша, қиыршық тастарды төсеу мәселені тек уақытша шешеді. Себебі төселген қиыршық тасты бастыратын арнайы техника қажет, ол болмаса жазда төселген тастар көктем мезгілінде жерге еніп кетіп, шұңқырлар пайда болады.

Сондай-ақ, саяжай алқабындағы тағы бір өзекті мәселелерінің бірі –жарықтың болмай қалуы. Бұл жағдай жыл өткен сайын ушығып келеді. Өйткені саяжай алқаптарында тұрғын үй құрылысының саны артқан. Оның себебі – тұрғын үйлердің қымбатшылығы мен халық табысының аз болуы. Бірақ бұл өз алдына бөлек мәселе.

Жарықтың жиі өшіп қала беруі себепті тұрғындар арнайы генераторларды несиеге сатып алып немесе жалға алатын көрінеді, ал оған жағдайы жетпейтіндер қараңғыда отыруға мәжбүр. Саяжай ұжымдары тоқты жеке кәсіпорыннан алып отырғанын айтып, трансформаторды қалалық балансқа өтуін талап еткен. Бірақ Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандары электр желісінің тозғанын алға тартып, мәселені шешуден бас тартып отыр. Ал тұрғындардың электр желісі мен трансформаторды жаңартуға жағдайы жетпейді.

Халықтың тағы бір талабы – қала әкімінің бастамасымен саяжай ұжымдарындағы электр желілеріне мониторинг жүргізу және инвентаризация жұмыстары тоқтап қалмай, мәселенің оң шешімін табу. Саяжай тұрғындары қала басшысының ауысуымен аталған жобаның тоқтап қалуынан қорқады.

Ал саяжай ұжымындағы су мәселесін шешудің жалғыз жолы орталық су жүйесіне қосылу дейді тұрғындар. Олардың қазір ішіп отырған суының құрамында темірдің қалыпты мөлшерден өте көп екендігі анықталған және оны ішу мүмкін емес. Халық амалсыздан өз үйлеріне суды тазартатын арнайы фильтрлер пайдаланып отыр. Ал оны сатып алуға қаржылық мүмкіндігі жоқ жұрт денсаулыққа зиян суды ішуге немесе ауыз суды қаладан тасуға мәжбүр. Тұрғындар су ұңғымаларын тереңдетіп қазып та көрген, бірақ арнайы техникалар 10-15 метрден ары қарай қаза алмаған.

Жоғарыда аталған мәселелер тек бір ғана саяжай ұжымында анықталғандары ғана. Ал жалпы деректерге сүйенетін болсақ, Ақтөбе қаласында 400-ден астам бау-бақша ұжымдары бар және оның басым көпшілігінде осы проблемалар кездеседі. Яғни, кезінде тұрғындардың өз күшімен жүргізген инженерлік-коммуникациялық желілердің тозуы, олардың иесіз қалуы және осы себепті Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының желілерді қала балансына алмай, жауапкершіліктен қашуы.

Бұл түйткілдер кемінде облыс көлемінде қарастырылуы тиіс. Өйткені қала маңындағы саяжай ұжымдары қала бөлігіне кіреді және онда қала тұрғындары санының үштен бір бөлігі жыл он екі ай өмір сүруде. Батыс Қазақстандағы агломерациялық орталыққа айналғысы келетін Ақтөбе облысы қазірден бастап осы мәселені қолға алмаса, бірнеше жылдан кейін, қала аумағы кеңейіп, халық саны миллионға жеткен кезде, оның шешімін табу одан сайын қиынға соқпақ.

ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалы Ж. Жетібай

Смотрите также:
Депутатские запросы