Титовтың «мұңы»

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы Титов қыстағында көшпелі жиын өткізді. Мұнда өткізудің себебі – қыстақ тұрғындарының бірнеше жылдан бері айтып келе жатқан мәселелері. Жуырда қала әкімі Асылбек Шәменовтің қабылдауында тұрғындар Титов мұң-мұқтажын жеткізген. Одан бері біраз уақыт өтсе де, айтылған мәселелер басы ашық күйінде тұр. Осыған орай, проблемалық кейстерді бағдарлап, шешімін табу мақсатымен партия өкілдері Титов тұрғындарымен, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі және қалалық құрылыс бөлімінің мамандарымен бірге партиялық рейд жүргізді.

Алдымен Титов және ЦКЗ аумағын жалғайтын теміржоласты өткелін жарықтандыру, жол төсеу, көше бойына бағана шамдарын орналастыру мәселесі қаралды. Тұрғындардың айтуынша, ЦКЗ беттегі туберкулез ауруханасы маңайындағы Сарысу көшесінің балалары Титов қыстағындағы №173, №10 мектептерге қатынап оқиды, сондай-ақ Титов қыстағының кейбір оқушылары Ақмешіт мөлтек ауданына барып оқиды. Барлық бала да, жұмысқа қатынайтын ересектер де осы жерасты өткелін жол қылған.

«Қар, жаңбыр жауған кезде жерасты өткелінен балшықтап өтуге мәжбүрміз. Оның үстіне, кеш бата іші тас қараңғы болады, балалар тұрмақ ересектер үшін қауіпті орын», – дейді тұрғындар.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы Асланбек Тәңірберген бұл мәселенің ерекше назарда екенін жеткізді.

«Бөлім басшысымен бірге осы маңайға арнайы келіп, жағдайды қарап, әкімге баяндадық. Алдағы уақытта жаңаланған жол құрылыстарынан босаған бордюр төсеніштерін төсемек ойымыз бар. Камералар қойылған, жарықтандыру мәселесі де назарда тұр», – деді.

Теміржоласты өткелін жарық шамдармен қамтамасыз ету – балалар қауіпсіздігін сақтаудың бірден бір кепілі.

Титов қыстағы қала шетіндегі өндірістік аймақта орналасқандықтан, инфрақұрылымы көнерген, бірқатар нысаны жаңартуды күтетін аудан. Бірнеше көшеде жол бойы жарығы мен бағдаршамдар жоқ.

Іс-шара барысында Әміре Қашаубаев көшесі мен Жетікөл көшесі қиылысына бағдаршам қою ұсынысы да қаралды. Өйткені Әміре Қашаубаев көшесі қыстақтағы басты күре жол болғандықтан, оның бойымен күніне мыңға жуық көлік жүреді. Камера, жолаушылар жүретін жол белгісі, жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырмау туралы белгі қойылғанымен, оны елеп жатқан жүргізушілер жоқ. Дәл осы қиылыста, адам қағып кеткен оқиғалар да болды дейді тұрғындар. Сондықтан екі көшенің қиылысына бағдаршам қою мәселесін Облыстық полиция департаментінің назарына ұсынамыз.

Көшпелі жиын барысында тағы бір жайт анықталды. Жетікөл мен Желкілдек көшесі қиылысындағы су тарату қоймасының қоршалмағандығы қауіп туғызады. Қалалық әкімдік мамандары бұл нысанның резервтегі су тарату жүйесі екендігін, оның қоршалғандығын, бірақ қолды боп кеткенін айтады. Осындайда жергілікті тұрғындарға мемлекеттің мүлкіне жауапкершілікпен қарауды ескертеміз. Ұрлық деген жеті ұрпағына дейін баратын жаманшылық екенін еске саламыз. Бұл нысан стратегиялық маңызға ие болғандықтан, оны қайта қоршауға алып, бақылауда ұстау қажеттігін сала мамандарына ескерттік.

Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдары бөлімінен Еркін Досов, осы басқарманың жолаушылар көлігі және көлік инфрақұрылым бөлімінен Жансұлтан Елшекенов, қалалық құрылыс бөлімінен Мәулет Бобетаев және қалалық ТҮКШ, ЖК, АЖ бөлімінен Асланбек Тәңірберген көшпелі жиында көз жеткізген мәселелерді қаперге алды. Енді тұрғындар тілегін жедел орындайды деп сенім артамыз.

Халықтың жанайқайы шешімін тапқанша, партия бұл жағдайды бақылауында ұстап отырады. Алдағы уақытта қандай нәтиже болғанын, жұмыс барыстарын қадағалап, хабарлайтын боламыз.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы