Қаңғыбас иттен келер қауіп көп

ЖСДП Шымкент қалалық филиалы «Қаңғыбас иттерден қауіп көп» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Филиал төрағасы Мақсат Жақсыбаев келтірген дерегі бойынша, Шымкентте жыл басынан бері 1000-ға жуық оқушы осы қаңғыбас иттерден зардап шегіп, дәрігерлер көмегіне жүгінген. Бұл тек медицина мамандарына қаралғандары ғана, ал үйде өзінше ем-дом жасап, жылы жауып қойғандары да бершылық.

Сабақ басталғалы көше-көшелер мен көпқабатты үй ауласында жүрген қараусыз иттер оқушыларға қауіп төндіріп, ата-аналарды алаңдатуда. Дөңгелек үстел барысында осы мәселелер кеңінен талқыланды. Ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының ветеринария бөлімі басшысы Ерлан Аденовтің айтуынша, биыл көшедегі қаңғыбас ит пен мысықты аулауға бюджеттен 98 миллион теңге бөлінген екен.

«2024 жылдың 8 айлық мәліметі бойынша «I көмек109 – ахуалдық орталығы» және аулау қызметінің байланыс нөмірлері, сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы азаматтардан 4 421 өтінім келіп түсті. Нәтижесінде барлығы18 865 бас оның ішінде 15 875 ит, 2 990 мысық ауланған. Тіпті мектептердің аулаларынан 3 850 бас мт пен мысық ұсталған. Ауланған жануарлар Ақтаста жаңадан ашылған уақытша ұстау орталығына жеткізіліп, онда клиникалық тексеру, күтім жасау жұмыстары жүргізілуде», - дейді ветеринария бөлімі басшысы Ерлан Аденов.

Сондай-ақ ол иттерді аулауда арнайы препараттар да пайдаланылатынын, алайда оның 3-5 минутта жануарды ұйықтататуға қауқарлы екендігі де сөз болды. Ал бұл аралықта дәрі тиген иттің ұзаққа қашып кеткендіктен кейде оны ұстау мүмкін болмай қалатыны жөнінде де мамандар айтып өтті. Филиал төрағасы, бюджет қаржысына сатып алынған препараттардың бұндай жағдайда пайдасы болмаса, ақшаның желге ұшқанын айтып, арнайы сауал қойды. Бірақ мамандар мұндай жағдайдың үнемі орын ала бермейтіндігін тілге тиек етті.

Бұдан бөлек ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының қызметкерлері қала тұрғындарына қолда асырап жатқан ит-мысықтарына жауапкершілікпен қарауды үнемі тапсыратындықтарын жеткізді. «Әсіресе, қала аумағындағы шағын аудандарда, жер үйлерде тұратын адамдар кешкі уақытта иттерін көшеге босатып қоя береді. Ал байлаудан босаған жануардың бөгде адамдар мен балаларға қауіп төндіреді. Жануарларға жауапсыздық танытып немесе қатыгездікпен қараған жағдайларда Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің» 407-1-бабына сәйкес жеке тұлғаларға 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатындығын ескертеміз»,- деді мамандар.

Дөңгелек үстел соңында ЖСДП өкілдері бөлім басшысына жұмысты ширатып, қаладағы қаңғыбас иттерді аулауға баса назар аудару керектігін жеткізді. Бұдан бөлек, мамандармен бірге Ақтастағы уақытша ұстау орталығына барып, бақылау жұмыстарын бірлесіп қолға алуды ұсынды. Оған қоса, қаңғыбас иттер туралы хабарлайтын қосымша жедел желі ашудың маңызды екенін айтты.

ЖСДП Шымкент қалалық филиалы