
Бүгін ЖСДП орталық аппаратында «Ғылымның жағдайы және мемлекеттік насихат»,-тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Астаналық филиал ұйымдастырды.
Жиналғандарға алғыс айтып сөз бастаған филиал төрағасы Талғат Омаров, еліміздегі ғылым саласының белгілі деңгейде ашыққа шығпай әрдайым тұмшланып қала беретіндігі жөнінде бірнеше мысалдар келтірді. Әсіресе жастар арасындағы ғылым деңгейінің дамымай түрлі жағдайда керергігі ұшырайтындығын айтып, өзгерістердің не нақты бағыттардың қажет екенін жеткізді.
Шынымен де біздің елде ғылым саласының дамуы кей жағдайда ел ішінде сенімсіздік туғызатыны бар. Олай болатыны мемлекеттен қыруар қаржы жұмысалып, ғылыми жобалар қаржыландырылғанымен оның келесі деңгейлерге жетуі не қолданысқа енуі некен саяқ. Ал министрліктен келіп отырған өкілдердің сөзінше барлық мүмкіндік жасалып жатқан сыңайлы.
ЖСДП Ғылым жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы ғалым Ерлан Мэлсұлы Сүлейменнің айтуынша отандық ғалымдарды қолдау өте төмен. «Менің ғылыммен айналысып келе жатқаныма біршама жыл болды. Талай жасты тәрбиеледім. Тіпті мектеп оқушыларын ғылыммен айналысуға жетелеп, бірнеше жобаларды сәтті аяқтадық. Жастар студент болған шағында да осы ғылымға түбегейлі ауысып, мемлекеттен қолдау сұрады. Бірақ нақты олардың ұсынған жобалары түрлі жағдайда қаржыландырылмады. Сонымен менің қолданбалы ғылым саласына тәрбиелеген балаларым шет елдерге кетуге мәжбүр болды. Бұл өкінішті жағдай. Себебі біз отандық ғылымды дамытушы тегеурінді күш иелерін шет елге жіберіп алдық. Бұл бір ғана мысал. Сондықтан жастарды ғылымға тәрбиелеушілер мен сол ел ғылымын қалыптастырушы болашақ жастарымызды мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау маңызды. Талай жас өзге елдің ғылымын дамытып жатыр. Бұл қасірет. Екінші бір мәселе, бізде ғылымды ақпараттандыру өте осал жағдайда. Елімізде спортшыларды оның ішінде бокс, күрес және өнер саласы ерекше қолдауға ие. Бұл саладағы жандарды халық түгел таниды десем болады. Ал ғылымда жүрген, өмірін ғылым жолында сарп еткен ғажайып тұлғаларымызды ешкім танымайды. Тіпті білмейді де. Солдықтан ғылымды қолдаумен бірге оны ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ету маңызды»,-деп сөзін түйіндеді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бас сарапшысы Тұрғанбаев Дос Әлиұлының сөзінше қазіргі таңда мемлекет жас ғалымдарды қолдаудың бірнеше жаңа бағыттарын жүйелеп жұмыс жүргізуде екен. «Біздің елде бүгінгі таңда 11 мыңнан астам жас ғалым бар деп есептеп отырмыз. Шындығын айтқанда бұл жақсы көрсеткіш. Ғалымдардың барлығы бірдей мемлекет ұсынған гранттық жобалар конкурсына қатысады. Талап солай, бұл әлемдік тәжірибе десем болады. Ал 2021 жылдан бастап «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру шеңбері басталды. Аты айтып тұрғандай бұған тек жас ғалымдар ғана қатысып өз жобаларын 3 жыл ішінде жүзеге асырады. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап осы жас ғалымдарымызды баспанамен қамту мәселесі де қолға алына бастады. Қазір Отбасы банкпен бірлесе отырып 5% мөлшерлемемен жас ғалымдар баспаналы болу мүмкіндігіне ие. Сондықтан барынша мемлекеттік тарап қолдау үсінде. Тек ақпараттандыру саласы кемшін болып отырғанын мойындауымыз қажет»,-деді сарапшы Дос Әлиұлы.
Тараптардан және жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап бере келе, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің Жастар саясатын үйлестіру басқармасының басшысы Тастемір Ақұлан Өсерұлы аталмыш министірлік тарапынан да бірнеше жобалардың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. «Біздің Мәдениет және ақпарат министрлігі де жастардың және жалпы ғылымнан ат тонын ала қашып отырған жоқ. Барынша қолдау көрсетуді қалайды. Осы негізде бірнеше жылдан бері еліміздегі жас ғалымдарға 1 және 1,5 млн тг көлемінде қайтарымсыз гранттар беріле бастады. Әрине бұл қаражаттың аз екені белгілі, бірақ алғашқы бастамалар үшін үлкен мүмкіндік екені де жасырын емес. Ал біз осы жиында айтылған ұсыныстардың барлығын қаперге алып тиісті деңгейде талқылап қолдаймыз. Партия тарапынан да біздің тараптан да қоштап екі жақтан да Үкіметке жолдайық»,-деді.
Әрине жастарды және елдегі ғылым саласын қолдау аса өзекті мәселе екені шындық. Сондықтан айтылған дүниелердің жерде қалмайтындығын, партия тарапынан қолдау болатынын ЖСДП төрағасының орынбасары Сәметбай Тазабек те қолдап қуаттады.
Ал жиынға арнайы қатысқан академик Урак Алиев болса өзінің түрлі тұжырымдарын ортаға сала келе, ең алдымен біз ғылымды не мақсатта дамытамыз?,-деген сауалдың жауабын нақтылап алуды ұсынды. «Оның мұратын анықтауымыз қажет. Кез келген ғылым осы негізде дамып, қаржыландыру да осы бағытты көздеуі керек. Әлемде ғылымның 26% -ы еркін бағытта, 10% -ы бағдарлы түрде дамыса тек 7% -ы ғана мақсатты қаржыландырудың арқасында дамып қолданысқа енеді екен. Сондықтан ең алдымен еркін түрде дамыған ғылымға ден қою қажет»,-дейді академик.
Отырысты қорытындылаған ЖСДП Астаналық филиал төрағасы Талғат Омаров, ғылым саласы мен оны дамытуға байланысты отырыстың бұл жолғысы тек бастама түрінде өткенін жеткізді. Алдағы уақыттарда бұдан да күрделі бұдан да маңызды мәселелер қозғалып, маңызды бағыттар бойынша министрлердің өздері де келіп жиынға қатыстыруы керектігін меңзеді.
ЖСДП баспасөз қызметі