Өзекті бастама

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы осымен 2-рет ұйымдастырып отырған «Инклюзивті қоғам мәселелерімен айналысатын ҮЕҰ-ның республикалық слетіне» еліміздің түкпір-түкпірінен ҮЕҰ-дардың өкілдері келіп қатысып, маңызды ойларды ортаға салды.

Шараға ЖСДП фракциясының мүшелері мен депутаттардан бөлек мемлекеттік органдардың өкілдері де арнайы келді. Қатысушылар инклюзивті білім беру саласы бойынша қызмет атқаратын ҮЕҰ өкілдері мен қарапайым ата-аналар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінен және жергілікті әкімдік өкілдері мен сала мамандары қатысты.

Дәстүрге айналған шараның ашылуы партия төрағасы, ЖСДП парламенттік фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжановтың бейне үндеуінен басталды.

«Бүгін осында жиналғандардың барлығына үлкен құрмет пен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Сіздер әлемдегі азаматтық қоғамның зор мүмкіндіктерін бізге айқындап көруге мүмкіндік беріп отырсыздар. Өкінішке орай, бүгінгі шараға қатыса алмаймын.

Бірақ мен сіздердің бастамаларыңызды шын жүректен қолдаймын. Жиын барысында өтетін талқылаулар мен білім беру, әлеуметтік қорғау және кәсіпкерлік салаларындағы инклюзивті тәсілді күшейту бойынша құнды идеялар мен нақты шешімдерді толықтай қолдаймын. Қазіргі әлемде әрбір адам өзінің физикалық мүмкіндіктеріне, әлеуметтік жағдайына немесе жасына қарамастан, толыққанды өмір сүруге, білім алуға, еңбек етуге және шығармашылықта тең мүмкіндіктерге ие болуы керек. Сіздердің бұл бағыттағы күш-жігерлеріңіз ерекше. Бұл қоғам алдындағы шынайы қызмет деп білемін.

Сіздердің талмас ынта-жігеріңіз бен сеніміңіз үшін рақмет айтамын. Біз сізбен және сіздердің жетістіктеріңізбен мақтанамыз», – деді партия төрағасы Асхат Рақымжанов. Слетте сөз болған барлық дүниелерді сұрыптаған ЖСДП фракциясының депутаттары алдағы уақыттарда парламенттік отырыстарда депутаттық сауал ретінде жолдайтындықтарын айтты. Өз кезегінде құзырлы орындардың өкілдері де мәселелердің шешілу жолдарын оң бағытқа бастаудың тетіктерін қарастыруды қолға алатындықтарын жеткізді.

Ұйымдастырған шараның басты мақсаты, еліміздегі инклюзивті білім беру бойынша әлеуметтік жобалар саласында жұмыс істейтін ҮЕҰ өкілдері арасында диалог пен ынтымақтастық алаңын құру, оның ішінде мүгедектігі бар жандармен жұмыс істейтін жеке тұлғалар мен ұйымдардың жұмысын насихаттау болды.

Соңғы жылдары әлемде инклюзивті қоғам мәселесі жиі көтеріліп жүргені белгілі. Бұл бағытты ЖСДП партиясы өзінің сайлау алды бағдарламасындағы басым бағыттарының бірі ретінде көтеруде. Аталмыш салаға қоғам назарын аударта отырып сала бойынша түрлі жобаларды іске асырып жүрген азаматтарға, қоғам мүшелері мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелеріне біздің елде де тиісті деңгейде назар аударту.

Шара барысында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова, Инклюзивті қоғамның мүшелерін ортаға тарту, оларға тең дәрежеде қарау міндетіміз,- деді. «Олар ешкімнен кем емес. Біз алдымен өзіміз мұны мойындауымыз керек. Тіпті мектептер мен түрлі білім беру мекемелерінде бұл мәселе үнемі айтылып отыруы қажет. Біз өңірлерге барған шақтарда инклюзия саласының өте төмен деңгейде екендігін байқаймыз. Әсіресе ауылдақ жерлерде жағдай өте мүшкіл. Бейімдеу орталықтары әр ауылда болуы қажет. Одан бөлек арнайы мамандар даярлау мәселесін де нақтылы қолға алыну маңызды»-, деген ойын айтты.

Елімізде ерекше қажеттілігі бар жандар үшін мүлдем жағдай қарастырылмай жатыр деп айтудан аулақпыз. Себебі шараға арнайы келген Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төраға орынбасары Жанаргүл Балғабекқызы, инклюзивті коммуникацияны дамыту және мүгедектердің қоғамның барлық салаларына тең және толық қатысуын қамтамасыз ету мақсатында Министрлік инклюзивті қоғамды қолдау шараларын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқанын айтып, болашақта ауқымды істердің атқарылатынын жеткізді.

«Алдымен ҮЕҰ-ға келетін болсақ, министрлік «Инклюзивті қоғамды дамыту» бағыты бойынша ағымдағы жылы ауылдарда (Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Қостанай облыстары және т.б.) жалпы сомасына 75 млн. болатын 9 гранттық жобаны жүзеге асыруда. Мәселен, аталған жобалар аясында 7 облыста (Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және т.б.) консалтингтік қызмет көрсетуді ұйымдастырылып, онда 350-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жандарға консультациялық көмек көрсетілді. Әлеуметтік-еңбек интеграциясы жоқ мүгедектердің қатысуымен инклюзивті қоғамды дамыту аясында ҮЕҰ мен бастамашыл топтарға 20 шағын грант (әрқайсысы 1 млн. теңге) бөлу бойынша конкурс өткізілді. Шағын гранттарды жүзеге асыру нәтижесінде 1000 волонтер қатысатын түрлі форматтағы 50 іс-шара өткізу, 20 ақпараттық-әдістемелік өнімді әзірлеу жоспарлануда. Жалпы, жоба жүзеге асырылып жатқан өңірлердегі 300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жандарды шағын гранттармен қамту жоспарлануда»,-деді.

Маңызды шараның мәні де ерек

Слетке келген ҮЕМ өкілдері мен аналар саладағы түрлі мәселелердің шешілу жолдарына байланысты сауалдарын ортаға салып, құзырлы орындардың өкілдерінен тиісті жауаптарын алып отырды.

Ерекшелігі сол, шара еркін жағдайда өтті. Қатысушылар өздеріне қатысты мәселелерді ортаға салып, еркін талқылады. Сауалдардың дені заң тұрғысындағы сұрақтар мен жеке бастқа қатысты мәселелер деп айтсақ болады. Сондай-ақ ерекше балаларды бағып отырған аналардың алдынан шығатын түрлі кедергілер де сөз болды.

«Біз осы слетте негізгі бағыттарды нақтылап алдық. Бұл қатарда ауылдық жерлерде инклюзивті қоғамдастықты дамыту, Әлеуметтік кәсіпкерлік, Қазақстандағы Параспорт т.б. Елімізде біз білетін 60-тан астам ҮЕМ бар. Бұлар нақты осы инклюзия мәселелерімен айналысып келе жатыр. Мүмкін одан да көп болар алдағы уақытта толықққанды тізімін жасауға тырысамыз. Біздің көтеріп отырған саламыздың біреуі ауылдағы инклюзия. Мысалы қазір түрлі сырқаттары бар балалар саны артып кетті. Бұл жағдай ауылдарда көбейіп кетті. Біз алыстағы ауылдық жердлерде мәселемен қалай айналысып жатырмыз?, осының анығына жетіп мамандарды қолдау мақсатында арнайы шақырып отырмыз. Келсін, көрсін, танысып білсін, пікір алмасып сауалдарына жауап тапсын деген мақсатымыз бар. Оларға қалай көмектесуіміз қажет. Осы мәселені көтеріп отырмыз. Жалпы біз сырқатты қанша ерте анықтасақ онымен күресу де жеңіл болмақ. Әсіресе ауылдық жерлерде баласының өзгешелігін жасырып, оларды көрсетпеуге тырысатын ата-аналардың бар екенін білеміз. Мүмкім бұл минталитеттен де болар. Біз осының үлкен қате екенін айтқымыз келеді. Сондықтан шарамыздың барынша ашық әрі еркін форматта өтіп жатуының себебі осы»,-дейді партияның Орталық аппарат жетекшісі Мақсұт Бейбітұлы.

Мұндай шараның болып жатқаны бізге ерекше шабыт әкелері сөзсіз. Себебі өзіміздің білмейтін дүниелерімізді өзгелерден үйренуге, олармен жақын байланыс жасап тұруға мүмкіндік туғызылды,-дейді қатысушылар.

«Біздің арманымыз балаларымыздың денсаулығын оңалту мен оларды өмірге бейімдеу екені жасырын емес. Қоғамдастығымызға 20-25-тен астам ҮЕҰ мүшелікке кірген. Сондықтан барлығымыздың мақсатымыз бір. Біздің өз зерттеулеріміз бойынша 100-ден астам мәселе бар екен. Мәселелермен күресудің жолдары сан алуан. Сондықтан бізге осы сынды шаралардың болғаны өте маңызды. Ата-аналар да қатысуы керек деп ойлаймын. Себебі олар өз баласы үшін шын жанашыр жандар. Әрине заң тұрғысынан болса да қолдау қажет. Әсіресе мұндай балаларды тәрбиелеуде білім мен білік өте маңызды. Сондықтан арнайы маман болуға даярлайтын орталықтар ашу қажеттігі туралы мәселе көтеріліп жатыр мен де соған қосыламын. Тағы бір айта кететінім бізге шет елдегі озық тәжірибелерді енгізу маңызды. Осыған мемлекет ат салысса екен деймін.

Себебі өзге елге барып білімін шыңдап не методикасын үйреніп осында келіп оны жүйелі түрде үйлестіруге ҮЕҰ-дың мүмкіндігі жетпейді. Мемлекеттің қолдауы маңызды. Баланы да ананы да қолдау керек,- дейді шараға қатысушы «Қазақстандағы аутизм ассоциациясының» төрағасы Нұрия Балтабайқызы.

Маңызды істің мағналы болғанын біз дей байқадық. Себебі келушілер мен қатысушылардың белсенділігі мұны аңғартпай қоймады.

Байқау да үміт сыйлайды

Слет барысында алдын ала жарияланған, «ЖСДП Сыйлығы» үздік әлеуметтік бастамалар мен жобалар байқауының жеңімпаздары анықталады. Аталмыш байқау екінші жыл қатарынан өткізіп келеді. Бар болғаны кез келген ҮЕҰ не жеке тұлға өздерінің инклюзия бағытында жасап жүрген жұмыстарын көрсететін 5-6 минуттан аспайтын бейне баянды түсіріп әлеуметтік желілерде жарияласа болғаны. Шынымен де мұндай дүние қатысушыларға ерекше шабыт сыйлайтыны шындық. Бұл турылы шарының ұйымдастырушысы әрі модератор Сағандықова Ажат Бақытқызы да айтты. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ерекше қажеттіліктері бар жандардың шексіз қабілеттерін, олардың шығармашылығы мен үміттері, ұмтылыстары жайында және оларға қамқорлық танытып, сол жандармен жұмыс істейтін алтын жүректі азаматтарға қуаныш сыйлау байқаудың негізгі бағыты»,-деді ол.

Сонымен; Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы еліміздегі ҮЕҰ-ның инклюзивті қоғам мәселелері жөніндегі ІІ Республикалық слетіне белсенді түрде қатысып, әлеуметтік бағдарламалар бойынша ұйымдастырылған бейне байқау бойынша, «Инклюзивті білім берудегі озық тәжірибе» номинациясында Көкшетаудан келген «Ерекше өмір» мүгедек балаларды қолдау қоғамдық қоры, «Әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы ерекше тәжірибе» номинациясында Астаналық «Өмірді сезіну» мүгедек балалар орталығы» ҮЕҰ, «Үздік шығармашылық бастама» номинациясында «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, «Үздік қоғамдық жетістік» номинациясында «Алтын Бата» ҚҚ , «Үздік жастар бастамасы», номинациясында «Біз де адамбыз» ҚҚ үздің деп танылса, 3 бірдей «Арнайы сыйлықты» «ОЗІМ» қайырымдылық қоры», «АРДОС-Жүрек» мүгедектер бірлестігі және "Uniquel" еріктілер командасы қанжығаларына байлады.
Әрине байқау болған соң жеңіске жететіндердің бары анық. Олар өзгелерден қандай бір жағдайда да озық болғаны нақты. Сондықтан байқау жеңімпаздарға қуаныш пен шаттық сыйласа өзгелер үшін жеңімпаздан шабыт алып, жұмыстарын нақтылауларына серпін берері сөзсіз.

Бердібек Қабай ЖСДП тілшісі

Смотрите также:
Депутатские запросы