ЖСДП жемқорлыққа төзімсіздік танытуға шақырды

Елімізде өршіп тұрған жемқорлықты тоқтату үшін қоғам санасына рухани жолмен әсер ету қажеттілігі туындап жатыр. Бұл жайында Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының Астаналық филиалы ұйымдастырған «Діни қызметкерлердің қоғамдық бұқараның санасын қалыптастырудағы рөлі. Сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік» тақырыбымен өткен жиында айтылды.

Атап өту керек, жемқорлықты жою партиямыздың сайлауалды бағдарламасында да көзделген. Осыны ескерген Мәжілістегі ЖСДП фракциясының мүшесі, депутат Наурыз Сайлаубай аталған мәселемен күресу жолында діннің рөлі өте маңызды екенін айтты. Теолог мамандығын меңгерген ол тақырыпқа толығырақ тоқталып өтті.

‒ Әлемде үш негізгі дін бар: Христиан, Ислам, Яхудизм. Мысал үшін, діннің пайғамбары, кітабы болуы керек, соны біз дін деп санай аламыз. Ал қалғандарын кейбірі мәдениет деп қабылдайды, басқа бір дінге қатысы бар миссионерлік жолмен жүрген азаматтардың жолын кейбір адамдар дін деп санаса, енді бірі оны әдет-ғұрып ретінде түсінеді. Қай дін, қай мәдениетті алсақ та және Библияны, Тауратты, Құранды оқысаңыздар да, олар жемқорлыққа немесе қоғамға зиян тигізетін басқа да жаман нәрсеге итермелемейді. Барлық дін имандылыққа шақырады. Біз, қазақтар иманды адам автоматты түрде патриот болады дейміз. Ал патриот адам жемқорлыққа бара ма? Бармайды. Сондықтан жемқорлыққа барған адам патриоттығы жоқ, соған ұштастырып алсақ, имандылығы жоқ адам деген сөз.

Дегенмен, мәселе адамның сана-сезіміне, түйсігіне байланысты деп ойлаймын, дінді одан бөлек алып қарау керек. Өйткені ораза ұстағандардың арасында да жемқорлық жасағандары бар. Ол өтірік емес.

Бірақ дін мұндай әрекетке бармау керектігін үйретеді. Мысалы, 30-70 жыл намаз оқып келіп, сол жерден тайып, жемқорлық жасайтын адамдар бар немесе өмір бойы намаз оқымағанымен, жемқорлық жасамайтын адамдар бар. Ислам дініне қатысты айтар болсақ, мұнда жемқорлық харам және харам жолмен келген нәрсе адал емес саналады. Біреудің аузынан жырып алған дүниені өз балаңа тамақ қылып берсең, оны ішкен-жеген бала харамға жақын болады деген түсінік бар, ‒ дейді депутат Наурыз Сайлаубай.

Оның айтуынша, адам рухани байлық пен білімді қатар алып, екі жақты теңдей ұстауға тырысуы қажет. Себебі руханият әлсіресе, адам нәпсіге бой алдырады. Руханиятты дамытатын: дін, қоғам, мәдениет, ұлт. Ал нәпсі әрдайым тойсам екен, жесем екен деп тұрады. Нәпсінің алдында әлсіз адам жемқорлық әрекетке көбірек барады. Айналып келгенде, бұл жерде діннің рөлі өте маңызды. Біз демократиялық, зайырлы ел болғандықтан, ешқандай дінді шектей алмаймыз. Қазақстанда халықтың көбісі ислами және православтық бағытты ұстанады. Имамдар мен Храмның жұмыскерлерінің бірінші миссиясы адамның руханиятын көтеру. Яғни, адамды сыйлау керектігін негізге алынып, өз-өзіне қол салу, ажырасу, оған қоса, осы жемқорлықты жасау деген жаман екендігі айтылады деп ойын топшылады.

Іс-шараны тізгіндеп отырған модератор, ЖСДП-ның Астаналық филиалының төрағасы Талғат Омаров елімізде көптің ашуын туғызған мүлікті кәдеге жарату алымы (утильалым) деп жиналатын салығы аясындағы жемқорлық әрекеттерін тілге тиек етті.

‒ Жемқорлық ұдайы даму процесінде болатын әлеуметтік-саяси құбылыс. Тек өзіне ғана емес, кланына және туыстарына пайда әкелу мақсатымен жасалатын сыбайлас жемқорлықтың идеологиялық және саяси деп бөлінетін түрі бар. Осыған көрнекі мысал келтірейік, ол – утилизациялық алым жинау. Бұл нені білдіреді? Бұл бір ғана адамға – «Жасыл Даму» ЖШС-на жағдай жасау деген сөз. Олар барлық мүлікті иемденіп алып, сәйкесінше бүкіл экономика соларға төлем жасап отыру үшін құрылған. Кәдеге жарату үшін ақы алынатын бес жүзден астам өнімнің атауы бар, сосын одан түскен сома «Жасыл Даму» ЖШС-на төленеді. Олар өз тарапынан экологияны қолдау деген игі мүддені көздейтіндіктерін алға тартады, алайда экологиямызды сақтау үшін екі жылдай уақыт бойы қаражат құйылмай отыр. Бұл дегеніміз – саяси сыбайлас жемқорлық. Мен мұны неге айтып отырмын? Діндарларымыз, дін қызметкерлеріміз бұл ұғымды кеңірек тарқатып, мұның зұлымдық екенін, қоғам оны жазғыратынын тиісті бұқараға, жамағатқа, басқа да адамдарға жеткізуі керек. Біз, әлбетте, Құдайдың сөзіне араласа алмаймыз, бірақ дін өкілдерінің қасиетті жазбаларда айтылғандарға сүйене отырып, өз түсіндірмелерін жасауға құзыреті де, күші де жетеді, ‒ деп атап өтті Талғат Омаров.

ЖСДП Астаналық филиалының талдаушысы Аслан Құлмағамбетов еліміздің Конституциясында Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде айқындалғанымен, халқының басым бөлігі дінге сенушілер екенін назарға салды.

‒ Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, Қазақстанның бүкіл дін қызметкерінің басымдық беретін тақырыбы болуы керек деп есептейміз. ЖСДП рухани-адамгершілік тәрбие бүгінгі таңда қоғамымыздың дүниетанымын дұрыс қалыптастыруда бұлжымайтын қағида (постулаттар) бола алады деп санайды, ‒ деді Аслан Құлмағамбетов.

Ал ЖСДП Астаналық филиалының аға талдаушысы Қанат Есжан жемқорлықтың салдары неге әкеп соғуы мүмкін екенін талдап берді.

– Партиямыздың мақсаты – дін қызметкерлерінің көмегі арқылы қоғамды сыбайлас жемқорлықпен аяусыз және ымырасыз күреске тарту, сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Жемқорлық пен парақорлықтың рухани құндылықтарымызға, діндеріміз бен салт-дәстүрімізге, жалпы, адамзат болмысына қайшы келетінін уағыздарда түсіндіру қажеттігін еліміздің дін қызметкерлеріне тағы да үндеп отырмыз. Сыбайлас жемқорлық – қоғамға сан алуан жолмен әсер ететін, демократия мен заң үстемдігінің негізіне нұқсан келтіретін, адам құқықтарын бұзатын, экономикалық дамуға кедергі келтіретін, өмір сүру сапасын нашарлататын және ұйымдасқан қылмыстың, терроризмнің өркендеуіне жағдай жасайтын қорқынышты індет. Бұл тек адамға ғана емес, тұтастай алғанда бүкіл мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Дұрыс әрекет етпесек, мемлекеттің болашағына қауіп төніп тұр. Сондықтан қоғамды рухани құндылықтар арқылы оятып, сыбайлас жемқорлықтың балаларымыз бен немерелерімізге қарсы қылмыс екенін адамдардың санасына жеткізуіміз керек, – деп алаңдаушылығын білдірді.

Жиын барысында айтылған мәселелер мен ұсыныстар дін қызметкерлеріне қарар түрінде жолданатын болып шешілді.

ЖСДП баспасөз қызметі